
Ибекенов Оңласын Төлегенұлы, 1972 жылы 27 сәуірде Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келді. Байқадам қазақ орта мектебін 1988 жылы үздік, «күміс» медальмен бітірді. Сол жылы С.Д. Асфендияров атындағы Алматы Мемлекеттік медицина институтына түсті. Институтта оқып жүргенде III курстан бастап, Алматы қаласындағы ауруханаларда санитар, мейіргер (медбрат) болып жұмыс атқарды. Жас студент IV курстан бастап хирургтарға көмектесіп, операцияларға қатысты. Ал VI курста оқып жүріп алғашқы операцияларын жасады. Жоғарғы оқу орнын 1994 жылы аяқтаған соң, өзі жұмыс істейтін Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасында дәрігер-хирург ретінде жұмысқа қабылданды. Жас хирург ретінде Республикалық, қалалық клиникаларда бірнеше рет білімін жетілдіру курстарына барды. Сол жылдары Алматыға жанындағы Іле ауданының орталық ауруханасында хирург болып қосымша жұмыс жасады. А.Н. Сыэганов атындағы Ұлттық хирургия орталығына 2007 жылы аспирантураға түсіп, атақты профессорлар Б.Б. Баймаханов, М.Е. Рамазанов жетекшілігімен 2010 жылы кандидаттық диссертацияны мезгілінен бұрын қорғап шықты. Жас ғалым, шет елдердегі хирургия саласынан өтетін Халықаралық конференцияларда көптеген баяндамалар жасап, өзінің ғылыми жұмыстарының нәтижелерін талқылады. 2007 жылдан бері жоғарғы санаттағы хирург болып табылады. Кандидаттық диссертация қорғаған соң, 2011 жылы жаңадан ашылған Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі болып қабылданды. Қазіргі уақытта, 2014 жылдан бері осы ауруханада бас дәрігердің хирургия бойынша орынбасары болып жұмыс істейді. 2017 жылдан бастап Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас хирургы қызметін қоса атқарады. Практикалық медицинада жұмыс істеп жүріп, ұстаздық қызметін қоса алып жүр. 2010 жылдан бастап, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина Университетінің хирургия кафедрасында ассистент болып қосымша студенттерге сабақ береді. Оңласын Төлегенұлының медицина саласындағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2015 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатын иемденді. «Қазақ¬стан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2017), «Қазақ¬стан Республикасы Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» (2020) төсбелгілерімен марапатталды. COVID–19 індетімен күреске белсене қатысқаны үшін ел Президентінің жарлығымен «Халық алғысы» медалін омырауына тақты. Әр жылдары, денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі мен жемісті еңбегі ескеріліп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрінің, Алматы қаласының әкімінің, қалалық денсаулық сақтау басқармасының құрмет грамоталарын алды. Оңласын Төлегенұлы білімін жетілдіру мақсатында Австрия, Оңтүстік Корея, Израиль, Ресей мемлекеттерінің белді клиникаларында тәжірибе алған, инновациялық технологиялар үйренген. Бірнеше Халықаралық хирургиялық ассоцияциялардың мүшесі, 40 астам ғылыми мақалалардың авторы, медицина ғылымдарының кандидаты (2010), денсаулық сақтаудағы менеджмент магистрі (2020). Үйленген, жұбайы – Абдикаймова Ұлбосын, мамандығы бойынша биолог, үш қызы бар. Үлкен және ортаншы қыздары Назарбаев Университетінің IV және II курс студенттері, кіші қызы О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінің 9 сынып оқушысы.