06
май
2020
Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары
Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары
1. Осы Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының су айдындарын пайдалану кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) су айдындары – өзендер және оларға теңестірілген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар;
2) құтқару бекеті – құтқарушылармен жасақталған, құтқару жабдығымен жарақталған, су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды орындайтын, заңды және жеке тұлғалар құратын акваторияның нақты учаскесіндегі бекет;
3) су айдынындағы демалу орны – шомылуға жабдықталған орындар (жағажайлар), катерлерді, желкенді қайықтарды, қайықтарды, гидроциклдер мен катамарандарды жалға беру станциялары;
4) шағын көлемді кеме – ұзындығы 20 метрден аспайтын, бортындағы рұқсат етілген адам саны 12 адамнан аспайтын, балық аулау үшін салынған немесе жабдықталғаннан басқа жүк тасуға, жетекке алуға, пайдалы қазбаларды іздеу, барлау және өндіру, құрылыс, жол, гидротехникалық және басқа да осындай жұмыстарды жүргізуге, лоцмандық және мұз жару, сондай-ақ су объектілерін ластану мен бітеліп қалудан қорғау іс-шараларын жүзеге асыратын кеме;
5) құтқаратын «Александров жібі» – суға батып бара жатқан адамға көмек көрсететін құрал, ол диаметрі 40 сантиметрлік ілмегі және екі қалқымасы бар ұзындығы шамамен 30 метрлік қалқыма түрінде болады;
6) оқу орны – жүзу бойынша ұжымдық және жеке сабақтарды өткізу үшін барынша ыңғайланған, жағажай аумағында арнайы жабдықталған орын;
7) қалалық жағажай – жергілікті атқарушы органның қарамағындағы су айдынындағы демалу орны.
8) жеке құтқару құралы – суда немесе мұзда қалған кезде адамға қосымша қалқымалығы үшін жасалғанқұтқару құралы. Жеке құтқару құралдарына құтқару шеңберлері, күртешелер, кеудешелер, қалтқы белгілер жатады.
3. Су объектілерінде және су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм және спортқа арналған орындарды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су тарту саласындағы уәкілетті органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, халықтың санитариялық-эпидемологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша белгілейді.
4. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), жергілікті атқарушы органдары азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, 2003 жылғы 9 шілдедегі № 481 Қазақстан Республикасының Су кодексінесәйкес тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылуға, ішуге және тұрмыстық мұқтаждар үшін су алуға, мал суаруға, шағын көлемді кемелерді және басқа да жүзетін құралдарды жүзу үшін пайдалануға тыйым салынған орындарды айқындайды.
5. Құтқару бекеттерінің құтқарушыларын оқытуды және даярлауды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) ұйымдастырады.
6. Демалу орындарын иеленушілер су айдындарындағы демалатын орындарда топырақ алу, мұз тесу, түбін тереңдету жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде жұмыс жүргізіліп жатқан учаскелерді қоршау, ал жұмыс аяқталғаннан кейін су айдынының түбін тегістеу бойынша шаралар қабылдайды.
7. Су айдындарында жүзу құралдарын қолдана отырып балық аулау жеке құтқару құралдары болған кезде жүзеге асырылады.
2. Су айдындарын пайдалану кезінде
қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі
8. Қазақстан Республикасының су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіжәне жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларды қабылдайды:
1) су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу;
2) қаладағы жағажайлардамедициналық көмек көрсету пункттерін және қоғамдық қауіпсіздік бекеттерін ұйымдастыру;
3) қаладағы жағажайларда суға түсу шекарасын, қоршау белгілерін, осыҚағидалардың талаптарын сақтау туралы ақпарат бар стенділер орнату;
4) шомылу үшін қауіпсіз орындарды айқындау және жабдықтау;
5) жағажай акваториясының түбін қарау және тексеру;
6) Қазақстан Республикасының су айдындарында суда құтқару және сүңгуірлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу.
9. Жазатайым оқиғалардың алдын алу және суда зардап шеккен адамға көмек көрсету мақсатында көпшілік демалатын орындардағы табиғи және жасанды су айдындарында осы су айдыны немесе жағажай бекітілген ұйым осы Қағидаларға 1-қосымшада көзделген талаптарына сәйкес келетін құтқару бекетін құрады.
10. Суға шомылу маусымы басталар алдында су айдынындағы демалыс орны иесінің тапсырысы бойынша аумақтық бөлімшенің сүңгуірлері немесе су астында жұмыстар жүргізуге сүңгуірлік жабдығы мен жарағы бар ұйымдардың сүңгуірлері жағажайды тексереді, тексеріс қорытындылары бойынша осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысандаорындалған жұмыстар актісі жасалады және бекітіледі.
11. Су айдындарының қауіпті және демалу, шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде аумақтық бөлімшелер мен жергілікті атқарушы органдар осы Қағидаларға 3-қосымшаның талаптарына сәйкес тыйым салатын және алдын алу белгілерін орнатады.
12. Су айдындарының жабдықталмаған учаскелерінде шомылуға рұқсат етілмейді.
13. Су айдындарындағы демалыс орындарында аумақтық бөлімшелер радиотрансляциялық қондырғылардан және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен демалушылар арасында судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша көпшілік-түсіндіру жұмысын жүргізеді.
14. Су айдынында демалу орнында:
1) су мен ауа температурасы, жел бағытының күші және ағын жылдамдығы көрсетілген тақтайша;
2) құқық қорғау органдарының, құтқару қызметтері мен ең жақын орналасқан суда құтқару станциясының телефон нөмірлері мен мекенжайлары;
3) ең үлкен тереңдіктер және қауіпті жерлер көрсетілген аумақтар мен акваториялардың схемалық бейнесі;
4) судағы қауіпсіздікке жауапты адамдар көрсетіле отырып, сабақтар, жаттығулар, жарыстар кестесі бар стенділер орналастырылады.
15. Демалушылардың қоғамдық орындарда жүріп-тұру қағидаларын бұзуына жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жол-патрульдік полициясының кезекшілігі ұйымдастырылады.
16. Су айдынында демалу орындарында болғанда:
1) мас күйінде немесе есірткіге масайған күйде суға түсуге және шомылуға;
2) қайықтардан, катерлерден, өткелдерден, сондай-ақ осы мақсатқа арналмаған құрылыстардан суға секіруге;
3) тексерілмеген, жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге;
4) жүзу шегін білдіретін қалтқы белгілерден асуға;
5) жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;
6) су айдындарын ластауға және қоқсытуға;
7) жағалауда және киім ауыстыратын орындарда демалушыларды жарақаттауы мүмкін қоқыстарды қалдыруға;
8) жалған дабыл беріп айғайлауға;
9) техникалық және алдын алу белгілерінің, қалтқы белгілерінің үстіне шығуға;
10) балаларға ересектердің қарауынсыз суға кіруге рұқсат етілмейді.
3. Су айдындарында демалатын орындарды жабдықтау тәртібі
17. Су айдынындағы демалу орны:
1) осы Қағидалардың9-қосымшасының талаптарына сәйкес құтқарушылармен жасақталған, құтқару жабдығымен және жарағымен жарақталған құтқару бекетімен;
2) тереңдігі 1,2 метрден аспайтын балалардың шомылуына арналған учаскемен және арқанға бекітілген қалтқылар жолымен белгіленеді;
3) дауыс зорайтқыш құрылғылармен және телефон байланысымен;
4) алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге арналған кезекші медициналық персоналы бар, қажет аспаптармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген үй-жаймен жабдықталады.
18. Су айдынындағы демалу орнын жабдықтау кезінде:
1) шомылуға арналған орындар жағалау бойымен акваториялар шекаралары көрсетіле отырып, белгілермен белгіленеді;
2) су айдындарындағы демалу орындары сарқынды су ағызылатын жерден кемінде 500 метр биік және кемежай құрылыстарынан, кеме пирстерінен, мұнай құю құрылғыларынан 1000 метр төмен орналасуы керек;
3) су айдындарындағы демалу орындарында, сондай-ақ балаларға арналған жағажайларда әр 50 метр сайын және судан 15 метрден аспайтын жерлерде құтқару шеңберлері мен «Александров жібі» құтқару құралдары ілінген қалқандар орнатылады;
4) қалтқы белгілер, стендтер және белгілер суға шомылу маусымы басталғанға дейін орнатылады.
19. Су айдындарындағы демалу орындарында суға секіруге арналған учаскелерді жабдықтауға рұқсат етіледі, олар жағалаулары тереңдетілген акваториялар орындарында және түбінің тереңдігі көрсетіле отырып, жалпы шомылатын жерлерден алыс орындардаорнатылады.
20. Суға секіруге арналған биіктігі 3 метрден бастап және одан да биік мұнара платформасына шығуға нұсқаушылардың (жаттықтырушылардың) рұқсатымен және олардың қатысуымен ғана рұқсат етіледі. Мұнара платформасы және мұнараның сатылы маршы тұтқасымен жасалады, сатылардың биіктігі мен ені құрылыс нормаларында белгіленген өлшемдерден асырылмайды, сатының жабыны тайғанамайтын материалдардан жасалады.
4. Балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі
21. Балалардың су айдындарындағы демалу орындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шомылуға және балаларды жүзуге үйретуге жабдықталған балаларға арналған жағажай құрылады.22. Балалардың су айдындарының маңында болуына ересектермен бірге болған кезде рұқсат етіледі.
23. Балалардың шомылуына арналған жерлер жағалау бойындағы акватория шегі көрсетілген жасыл рамкада суда тұрғанекі баланың бейнесі бар белгілермен белгіленеді.
24. Балалардың шомылуына арналған учаскелер бір-бірінен 3 метрден аспайтын арақашықтықта түбіне қағылып, сақиналармен бекітілген қалтқылар желісімен белгіленеді.
25. Шомылып жүрген балаларға кезекші нұсқаушылар (жаттықтырушылар) және медициналық қызметкерлер үзіліссіз бақылау жүргізеді.
26. Балалар шомылған кезде жағажайдың бүкіл аумағында қайықпен және катерлермен жүзуге, ойындар мен спорттық іс-шараларды өткізуге жол берілмейді.
27. Суға шомылу маусымы кезеңінде аумақтық бөлімшелердің құтқарушылары балаларды жүзуге үйрету үшін қалалық жағажайларда қауіпсіз оқу орындарын жабдықтайды.
28. Су объектілерінде орналасқан балалар мекемелері құтқару бекеттерімен жабдықталадыжәне жарақталады.
29. Балаларды шағын көлемді кемелерде серуендету кезінде:
1) кемені белгіленген нормадан артық жүктеуге;
2) 7 жасқа дейінгі балалардың серуендеуіне;
3) кемеден суға секіруге;
4) жеке құтқару құралдарынсыз серуендеуге;
5) шомылуға бөлінген акваторияға кіруге, сондай-ақ кеме жүретін ахуал белгілеріне жақындауға, оларға кемені арқандап байлауға және кеме жүретін жолда тоқтауға рұқсат етілмейді.
5. Қысқы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздік тәртібі
30. Мұз қатқан су айдынынан өту үшін арнаулы мұз өткелдерi (жаяу жүргіншілерге және автокөлік жолы) жабдықталады.31. Қыстың басында және соңында мұздың үстіндегі өткелдің ашылу және жабылу уақытын, сондай-ақ оның тәулік бойғы жұмыс режимін жергілікті атқарушы органдар белгілейді.
32. Күн сайын аумақтық бөлімшелер өткел орындарында мұздың қалыңдығын өлшеуді жүргізеді.
33. Өткелге бөлінген орындар 25-30 метр қашықтықта орналасқан белгілермен белгіленеді.
34. Өткел автокөлік құралдары үшін мұздың қалыңдығы кемінде 25-30 сантиметр болғанда және жаяу жүргіншілер үшін кемінде 10 сантиметр болғанда жабдықталады.
35. Өткелдерден түсетін жерлерде екі жақтан да арнайы қалқандарда арнайы қысқы құрал-жабдықтар (ілгектер, сатылар, құтқару шеңберлері, бөренелер) қойылады.
36. Өткелдерге кіреберістерде өткелдің атауы, жұмыс уақыты және оны құру мен ұстауға жауаптылардың деректері көрсетілген маңдайшалар орнатылады.
37. Өткелдерде балықты кәсіпшілік аулауға арналған ау салуға және балық аулау үшін шұңқыршалар тесуге жол берілмейді.
38. Мұз үстінде болғанда:
1) жұқа және бекімеген мұз үстіне шығуға;
2) мұздың жекелеген учаскелерінде топпен жиналуға;
3) мұздағы жырмаларға, жарықтарға, ойықтарға жақындауға;
4) автомобильдермен өткелдерден тыс жерлерге шығуға рұқсат етілмейді.
39. Мұз үстіне түнгі уақытта және дұрыс көрінбейтін кезде шығуға рұқсат етілмейді.
40. Жеке құтқару құралдары болғанда мұз астынан балық аулауға рұқсат етіледі.
41. Мұз астынан балық аулау кезінде:
1) шектелген алаңда екеуден артық шұңқырша оюға;
2) от жағуға рұқсат етілмейді.